Крeдит aлып жүргeн қaзaқстaндықтaрдың көбі нeсиeнің тeк пaйыз мөлшeрлeмeсінe нaзaр aудaрaды. Бірaқ мaмaндaр oдaн бөлeк, нeсиeнің төлeм түрін дe eскeругe кеңес береді. Заңгер, бұрынғы банк қызметкері Данияр Түймебаев Tengrinews.kz тілшісіне кредит алғанда қарызды қандай жолдармен төлеуге болатынын және ол төлем жүйесінің қалай жүргізілетінін түсіндіріп, тиімді тұстарына тоқталды.
Сарапшы несие төлеудің аннуитет және дифференциал түрлеріне тоқталды. Оның айтуынша, қазақстандық борышкерлердің 90 пайызына жуығы несиелерін аннуитет төлем бойынша жүргізеді.
»Төлемнің аннуитет түрінде қазақстандықтар белгілі бір мерзімге несие рәсімдеп, ай сайын бірдей сомадағы ақшаны құйып отырады. Ол сома еш жағдайда өзгермейді. Ол тек банк келісімімен жүзеге асырылады. Сондықтан болар, мұндай тұрақтылық қазақстандықтарға ыңғайлы. Яғни қарыз алушы бюджетін жоспарлап, нақты сомасын ғана кредитіне төлейді. Сондай-ақ, төлемнің бұл түрінде борышкерлер мен банк арасында түсініспеушіліктер болмайды, себебі барлығы бастапқыда жасалған келісімшартта нақты көрсетіледі», — дейді заңгер.
Бірақ, Түймебаевтың айтуынша, кредитті аннуитет төлеммен жүргізгенде ай сайынғы әрбір сомада қарыздың өзі мен оның пайызы қосылып тұрады. Осылайша, бастапқыда кредиттің тек пайызы төленеді де, соңына қарай ғана қарыздың өзі өтеледі дейді.
© pixabay.com
«Аннуитетте бастапқыда несиенің пайызы төленеді — 10 пайыз болсын, 17 пайыз болсын. Сондықтан бастапқыда өтелетін таза қарыздың сомасы өте аз. Мысалы, борышкер екі жылға алған несиесінің шамамен бастапқы алты айында тек пайызын төлеп келеді де, кейін ғана қарызды төлей бастайды. Бұл жағдайда кредитін мерзімінен бұрын жабу аса тиімді болмайды», — деп түсіндіреді маман.
Ал кредитті төлеудің екінші түрі дифференциалда, оның айтуынша, бастапқыда бірнеше ай бойы қарыздың қомақты сомасын төлеп отыру керек болады. Сондықтан да көбі шамасына қарайлап, төлемнің аннуитет түрін таңдайды екен.
«Дифференциал төлем жүйесінде берешек ай сайын азая береді. Ең басты артықшылығы — мұнда қарыз алған адам бастапқыда таза қарызды төлейді де, артынша қарыздың пайыздарын төлейді, яғни ол уақытқа дейін банк қарызы да біраз азайып қалады. Бірақ бұл төлем жүйесін қолданғысы келетін қазақстандықтың жалақысы жоғары болуы тиіс», — дейді сарапшы.
Оқи отырыңыз:
Қазақстандықтардың кредиттері мен өсімпұлдары қалай кешіріледі — Түсіндіреміз
Қандай жағдайларда банктер кредитті төмен мөлшерлемемен беруі мүмкін